Шымкент қаласында жаңа «Фосфоршылар мәдениет сарайы» ғимаратының құрылысы басталды. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Сәби» қайырымдылық қорының негізін қалаушылар – эколог Әсел Тасмағамбетова және кәсіпкер Кеңес Рақышев тарихи маңызы зор нысанның іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты.

Бұл мәдениет сарайы қаланың рухани өмірінде ерекше орын алатын ғимараттардың бірі. Алғаш рет 1980 жылы пайдалануға берілген нысан соңғы жылдары қараусыз қалып, 2023 жылы коммуналдық меншікке өтті. Сарапшылардың кешенді зерттеуінен кейін ғимараттың апатты жағдайда екені анықталып, оны бұзып, орнына жаңа мәдени орталық салу туралы шешім қабылданды. Бұл бастамаға Шымкент қаласы әкімдігі мен «Сәби» қоры қолдау көрсетті.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков нысанның құрылыс жұмыстарының басталуымен құттықтап, «Фосфоршылар мәдениет сарайының» Шымкент мәдениетінің алтын қазығы болғанын атап өтті. Мамандар тарапынан жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде құрылысты қайта жаңғыртуға шешім қабылданып, бұл бастамаға «Сәби» қорының негізін қалаушылар қолдау көрсетті.

– Шымкент – бай тарихы мен ерекше мәдени мұрасы бар қала. Қазіргі таңда мегаполис барлық бағытта қарқынды дамып, экономикалық өсімге, инфрақұрылымды жетілдіруге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа мәдениет сарайының салынуы – болашаққа жасалған маңызды инвестиция. Жаңа мәдениет сарайы қаланың дамуына серпін беретін жаңа мәдени орталыққа айналады, – деді Ғ.Сыздықбеков.

«Сәби» қоры 23 жылдан бері медицина, білім және мәдениет салаларында кешенді зерттеулерге негізделген жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Шымкенттегі маңызды нысанды қайта жаңғыртпас бұрын, қор «Шымкент және «Фосфоршылар мәдениет сарайы»: дәстүр, модерн және даму нүктелері» атты зерттеу жүргізіп, нәтижесінде — қала тұрғындарына шығармашылық даму мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту үшін заманауи мәдени орталық қажеттігі анықталды.

– Жаңа «Фосфоршылар мәдениет сарайы» – Шымкент мәдениетінің жаңа дәуірін айқындайтын маңызды нысан. Бұл орталық тек жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін білім алаңы ғана емес, сонымен қатар түрлі буын өкілдерін біріктіретін қоғамдық кеңістік болады. Жобаның тұжырымдамасында мәдени мұраны сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ерекше назар аудардық, – деді Әсел Тасмағамбетова.

Жаңа мәдениет сарайы көпсалалы шығармашылық хаб ретінде жобаланып, IT-хаб, креативті хаб және қоғамдық бастамалар хабы секілді бірнеше бағытты қамтиды. Қала тұрғындары үшін креативті индустрия алаңдары, суретшілер шеберханасы, көрме залы, амфитеатр, коворкинг аймағы, кеңсе бөлмелері, форум алаңы, сән көрсетіліміне арналған трансформер-сахна, бизнес-инкубатор, фото және видеостудия, дыбыс жазу студиясы, подкаст алаңы, конференц-зал, экологиялық бастамалар және ата-аналар клубтары секілді түрлі қоғамдық кеңістіктер қолжетімді болмақ.

«Сәби» қорының тапсырысы бойынша жаңа мәдениет сарайының ерекше архитектуралық дизайны әзірленді. Жоба Шымкенттің тарихи және заманауи ерекшеліктерін үйлестіре отырып жасалған. Сондай-ақ, құрылыс аясында нысан айналасындағы аумақты кешенді түрде абаттандыру жоспарланған. Мұнда саябақ аймақтары, аллеялар, субұрқақтар және заманауи балалар алаңдары салынып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы демалыс орнына айналады. Жаңа «Фосфоршылар мәдениет сарайы» Шымкенттің мәдени мұрасына жаңа серпін беріп қана қоймай, мегаполистің басты мәдени орталықтарының біріне айналады деп күтілуде.