«Саби» қоры Шымкент қаласындағы «Фосфорник» жобасы аясында белсенді жұмысын жалғастыруда. Атаулы мәдениет сарайының ескі ғимараты техникалық зерттеу нәтижелері негізінде бұзылды, өйткені сараптама оның қайта жаңартуға және қалпына келтіруге жарамсыз екенін көрсетті.
Жаңа «Фосфорник» – бұл тек мәдениет сарайының құрылысы ғана емес, заманауи мәдени кеңістікті қалыптастыруға бағытталған жоба. Ол қаланың инфрақұрылымын дамытуға, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға және өмір сүру сапасын жақсартуға арналған маңызды бастама. Бұл – жастардың өз идеялары мен мақсаттарын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін көпфункционалды білім беру және креативті орталық.
Қазіргі уақытта жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жалпы ауданы 7196 шаршы метр болатын жаңа ғимаратта шығармашылық бағыттағы арнайы шеберханалар ашылады. Мұнда бейнелеу өнерінен бастап қолөнер мен дизайнға дейін әртүрлі салаларда кәсіби дамуға жағдай жасалады. Бұл кеңістік әртүрлі қызығушылықтары мен таланттары бар адамдар үшін ашық алаңға айналып, тәжірибе алмасуға, жобалар мен стартаптарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болады. Сонымен қатар, мұнда шеберлік сабақтары, көрмелер, концерттер және жастар арасында әлеуметтік белсенділікті арттыруға, креативті индустриялардың дамуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
«Фосфорник» – бұл жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға шабыттандыратын, білім мен тәжірибе алмасуға жағдай жасайтын, тек қала жастары үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін мәдени және шығармашылық орталыққа айналатын ерекше экожүйе.