Мектептегі білім беру сапасының жоғары деңгейін оның түлектерінің биылғы жетістігі тағы бір мәрте дәлелдеді: №9 «Зерде» мектебінің барлық 65 түлегі білім гранттарына ие болды. Олардың бір бөлігі мемлекеттік білім гранттарының иегері атанса, тағы 23 түлек Қазақстандағы және шетелдегі жетекші жоғары оқу орындарына тегін білім алуға қабылданды.
Бұл жетістік біздің қор үшін айрықша маңызды. Себебі бүгінгі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген заманауи білім беру ордасы — қордың жүйелі қайырымдылық бағытындағы маңызды жобаларының бірі. 2024 жылы «Сәби» қоры дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің жаңа ғимаратын салып, оны Астана қаласына сыйға тартты. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын заманауи оқу кешенінің шамамен 3 мың шаршы метрі спорттық және ойын алаңдарына арналған. Жобаның құрылыс құны шамамен 4 миллиард теңгені құрады.
Жаңа ғимарат лицейдің халықаралық білім беру және экологиялық стандарттарға толық сәйкес келетін алғашқы заманауи оқу корпусы болды. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай жасалған: заманауи сыныптар мен зертханалар, STEM кабинеттері, оқу залы бар кітапхана, коворкинг аймақтары, робототехника кабинеті, тігін шеберханасы, панорамалық терезелері бар кең рекреациялық кеңістіктер, сондай-ақ заманауи спорттық инфрақұрылым қарастырылған.
Алайда, «Зерде» лицейінің жоғары нәтижелері бір жылдың жетістігімен ғана шектелмейді. Лицей көптеген жылдар бойы Қазақстандағы жетекші білім беру ұйымдарының қатарында келеді. Мұнда физика-математика және жаратылыстану ғылымдары қазақ және ағылшын тілдерінде тереңдетіліп оқытылады. Лицей өз қызметі жылдарында «Алтын белгі» иегері атанған 123 түлекті тәрбиелеп шығарды. 99 түлегі әлемнің беделді жоғары оқу орындарына түссе, 161 түлегі Назарбаев Университетінің білім грантына ие болды. Сонымен қатар лицей еліміздегі үздік олимпиадалық мектептердің қатарына енді.
Бүгінгі нәтиже – сапалы білімге және балаларға заманауи білім алу жағдайларын жасауға салынған инвестиция олардың болашағына ұзақ мерзімді мүмкіндік қалыптастыратынының тағы бір дәлелі.
«Зерде» мектебінің барша түлектерін осы тамаша жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрқайсыңызға жаңа белестерді бағындырып, армандарыңызға нық қадам басуды тілейміз.