Алматы қаласындағы Қ. И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының Геологиялық музейі жаңғырту жұмыстарынан кейін келушілерге есігін айқара ашты.
Музейді жаңарту жобасына «Сәби» қайырымдылық қоры демеушілік жасады. Бұған дейін қордың негізін қалаушылар Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова музейге арнайы барып, оның қорындағы жәдігерлермен және кеңістігінің жай-күйімен танысқан болатын. Нәтижесінде олар музейді жаңғырту жобасын қолдауға шешім қабылдады.
Қ. И. Сәтбаев атындағы ғылыми-зерттеу музейі — жай ғана ағартушылық кеңістік емес, ол Қазақстанның табиғи тарихын тасқа қашалған шежіредей сақтап келе жатқан, орны толмас түпнұсқа жәдігерлердің бірегей қазынасы. Музейдің басты құндылығы – табиғат құбылыстарының заттай куәгеріне айналған, ғылыми маңызы зор әрі толық құжаттандырылған 55 000-нан астам эталондық үлгіні сақтап, оларды келер ұрпаққа аманат етуінде. Ұзақ жылдар бойы музей көпшілік үшін қолжетімділігі шектеулі, негізінен академиялық ортаға арналған мекеме ретінде жұмыс істеп келді. Бүгінде оның есігі балалар мен мектеп оқушыларынан бастап, түрлі мамандық иелеріне дейінгі барша келушіге ашық.
Музейді қайта жандандырудың басты мақсаты — ХХ ғасырдың ортасындағы ғылыми мекемеге тән төл ортаны сақтай отырып, заманауи шешімдерді тарихи кеңістікке ұқыптылықпен енгізу болды. Жаңарту жұмыстарына кіріспес бұрын мамандар тобы музейдің сәулеттік ерекшеліктерін, жарықтандыру жүйесін, көрме сөрелерін, мұрағаттық фотосуреттер мен кеңістіктің ішкі безендірілуінің әрбір бөлшегін мұқият зерттеді.
Музейдің көне дәуір тынысын сақтаған өзіндік болмысын жоғалтпау туралы шешім қабылданды. Яғни кеңістікті өткен заманның үлгісінде қайта безендіру емес, оның шынайы тарихи келбетін сақтау көзделді. Сонымен бірге жаңа мазмұн мен білім музейдің қалыптасқан ортасына табиғи түрде үйлестірілді. Ағаш пен әйнектің, көне фотосуреттер мен қолжазбалардың, минералдар мен геологиялық карталардың, мұрағаттық құжаттардың өзіне тән болмысы жаңаша мәнге ие болды.
Музейді жаңғыртудағы негізгі құралдардың бірі жарықтандыру болды. Музей кеңістігінде жарық заттың пішінін айқындап, бетіндегі ерекшеліктерді көруге және ұсақ бөлшектерді байқауға мүмкіндік береді. Жалпы жарықтандыруды, аспалы шамдарды, бөлме үлгісіндегі шамдарды және бағытталған жарық көздерін үйлесімді қолдану залдарға салтанатты сипат беріп, жәдігерлерді асықпай, мұқият тамашалауға қолайлы жағдай жасады.
Ғимараттың техникалық жай-күйіне де ерекше назар аударылды. Ескі төбелер мен қабырғаларда ұзақ жылдар бойы пайда болған деформация іздері байқалды, ал жер сілкінісінен кейін жарықшақ анықталды. Осыған байланысты барлық жұмыс ерекше сақтықпен, кәсіби жабдықтарды пайдалана отырып және қалпына келтіру әдістерін ескере отырып жүргізілді.
Жаңғырту жұмыстары аясында негізгі залдың қабырғаларына байсалды сәлбен реңкі берілді. Бұл түс ғылымға тән ерекше орта мен академиялық қауымдастықтың бірлігін айшықтайды. Ғимараттың ішкі көрінісі үшін дәуір рухын дәл жеткізіп, ұстамды әрі зиялы салтанат сезімін қалыптастыратын веналық перделер таңдалды. Сондай-ақ барлық залға қозғалысты анықтау, бейнежазбаларды тіркеу және сақтау мүмкіндіктері бар 26 камерадан тұратын бейнебақылау жүйесі орнатылды.
Экспозиция мазмұнын жаңарту да атқарылған жұмыстардың маңызды бөлігіне айналды. Мұрағаттық фотосуреттер, құжаттар, далалық зерттеу жазбалары мен қолжазба ескертпелері геология тарихын ғана емес, бүкіл ғұмырын осы ғылымға арнаған адамдардың өмір жолын да баяндайды.
Енді музей Қазақстанның ғылыми мұрасымен жақынырақ танысқысы келетін, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы көбірек білгісі келетін және еліміздегі геология ғылымының қалай қалыптасқанын көргісі келетін барша жандарға ашық.
«Сәби» қайырымдылық қоры үшін осындай жобаларды қолдау — тарихи жадыны сақтау, ғылымды кеңінен насихаттау және білімді келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды үлес. Өйткені мұраны сақтау ғана емес, оны қоғам өміріне қайта енгізіп, көпшілікке қолжетімді әрі қызықты ету де маңызды. Бұл — еліміздің ғылыми дәстүрлерін жалғастыратын болашақ ұрпақ үшін жасалған игі іс.