Ақтөбеде Temirlan & Yernat және Abilmansur Kudaibergen сынды домбырашылардың концерті өтті. Бұл музыканттардың Түркия, Израиль және АҚШ-та өткен беделді халықаралық байқаулардың жеңімпаздары ретіндегі шығармашылығы өзіндік ерекше мәнерімен ерекшеленеді. Онда домбыраның дәстүрлі үнінің тереңдігі заманауи музыкалық бағыттармен және жарқын сахналық орындаумен үйлесім табады. Кеш барысында әлемдік композиторлардың шығармалары, дуэттің авторлық туындылары, Live Band сүйемелдеуімен орындалған күйлер, сондай-ақ вокалдық-хореографиялық нөмірлер ұсынылып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлаған жарқын музыкалық саяхатқа айналды.
«Сәби» қорының бастамасымен концертке Ақтөбедегі «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының 100 тәрбиеленушісі мен ұстаздары қатысты. 2017 жылы қордың қолдауымен салынған бұл орталық «Сәби» қорының инфрақұрылымдық жобаларының бірі болып табылады және оқу мен демалысқа арналған кеңістіктері, шеберханалары мен жылыжайлары бар таунхаустардан тұратын заманауи кешенді құрайды. «Мейірім» орталығы көптеген жылдар бойы балалар үйінің түлектеріне өз бетінше өмір сүруге бейімделуге, мамандық алуға және қоғамға сәтті кірігуге қолдау көрсетіп келеді.
Күнделікті тіршіліктен алыстап, шығармашылық әлеміне ену – әлеуметтік бейімделудің маңызды кезеңдерінің бірі. Сондықтан, біз осындай бірегей мәдени жобалармен танысу жастарға өз мүмкіндіктерін жаңаша бағалауға, таланттарын ашуға және жаңа қызығушылықтар қалыптастыруға жол ашады деп санадық.
Өз қызметінде «Сәби» қоры ұзақмерзімді жауапкершілік қағидатына сүйенеді. Бұл тек заманауи инфрақұрылым салумен шектелмей, оның мазмұнын байытып, сапалы әрі мәнді түрде дамытуды да көздейді.