Көктем өз шегіне таяп, маусымға зер салып, ең жарқын сәттерді саралайтын шақ туды. Сол жарқын оқиғалардың бірі — 26 сәуір күні Орталық Азиялық Экологиялық зерттеулер институтында өткен әсерлі Пленарлық сессия болды. Зияткерлік үн мен терең мағынаға толы бұл кездесу «Сәби» қайырымдылық қорының бастамасымен, Noôdome интеллектуалдық қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған Future Talks аясында өтті.

Үш сағатқа созылған сессия барысында Институт кеңістігі идеялар, көзқарастар, сезімдер мен мағыналар тоғысқан зияткерлік алаңға айналды. Ашық әрі мазмұнды диалог форматында ғылым, экономика және мәдениет салаларындағы қос елдің көрнекті тұлғалары бас қосып, ой бөлісті. Кездесудің басты мақсаты — қазіргі кезеңді терең түсініп, соның негізінде саналы әрі адамға бағдарланған болашақтың бағытын айқындау болды. Негізгі назар екі маңызды бағытқа — білім беру мен экономикаға аударылды.

Сессияның алғашқы бөлігінде кәсіпкер, эколог және «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова мен нейропсихолог, лингвист, профессор Татьяна Черниговская өзара пікір алмасты. Олар әлі жазылмаған ережелері бар әлем туралы, жастардың танымға деген қызығушылығын қалай ояту керектігі, тұрақсыздық заманында мұғалімнің атқаратын рөлі және бүгінгі күні жас ұрпаққа білім берумен қатар, олардың ішкі тірегін қалыптастыру неге ерекше маңызды екендігі жөнінде ой қозғады.

Сессияның екінші бөлігінде TALAP орталығының бас экономисті Рахым Ошақбаев пен институционалдық экономист, Мәскеу мемлекеттік университеті Экономика факультетінің деканы Александр Аузан ой өрбітуді жалғастырды. Олар жаңа экономикалық этика туралы — мұнда даму деңгейі тек ішкі жалпы өніммен емес, адамдардың бақыт пен өмір сапасымен өлшенетіні, ал қабылданатын шешімдердің құндылығы жылдамдықпен емес, олардың терең мағынасы және ұзақ мерзімді әсерімен бағаланатыны жөнінде пікір алмасты.

Сессия соңын психология ғылымдарының докторы, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Александр Асмоловтың терең әрі маңызды сөзі мәреге жеткізді. Ол адамға бағытталмаған кез келген болашақ — эмоционалдық және құрылымдық тұрғыдан әлсіз әрі тұрақсыз болатынын атап өтті.

Біз сіздер үшін осы сессияда айтылған ең ерекше, шынайы әрі терең мағыналы дәйексөздерді жинақтадық. Олар — сіз үшін болашақты бағыттайтын айрықша компасыңыз болсын, себебі адам — жаңа шындықтың негізгі сәулетшісі.