Әрбір бала мейірім мен шаттыққа зәру, әсіресе денсаулығына байланысты аурухана төсегінде жатқан кішкентай науқастар үшін бұл жылулық пен қамқорлықтың маңызы ерекше зор.
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Ақтау қаласындағы облыстық балалар ауруханасында кішкентай науқастарға арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Бұл игі бастамаға «Сәби» қоры да қолдау білдіріп, өз тарапынан ерекше сыйлық әзірледі. Неврология, травматология және педиатрия бөлімшелерінде қор балаларға арналған жайлы ТВ-аймақтарды жабдықтады.
Енді балалар емделу кезінде сүйікті фильмдері мен мультфильмдерін тамашалап, көңіл көтеретін бағдарламалар арқылы уақытша аурухананың ауыртпашылығынан алыстап, өздерін үйдегідей жайлы ортада сезіне алады. Мұндай демалыс сәттері – тек терапияның бір бөлігі емес, ол – жүрекке ерекше дем сыйлайтын, балаларға олардың қадірлі әрі сүйікті екенін терең сезіндіретін шынайы жанашырлықтың көрінісі.
Ізгі істерге үлес қосып жүрген әрбір жанға алғысымызды білдіреміз.
Балаларды қорғау күні құтты болсын!
Әрбір бала әрқашан махаббат пен қамқорлыққа бөленсін!