«Сәби» Қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы Кеңес Рақышев және Қордың негізін қалаушы әрі басшысы Әсел Тасмағамбетова «Қазақстан халқына» Қорына 1 миллиард теңге аударатын болды.

Елімізде орын алған қайғылы оқиғаларға, төтенше жағдайдың жариялануына, оның салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шеккен, сондай-ақ бизнес өкілдеріне айтарлықтай шығын келтірілген тәртіпсіздіктерге байланысты Қазақстан халқына қиын-қыстау кезеңде көмек көрсетуге шешім қабылданды.

«Біз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқын осынау қиын күндерде қолдау туралы бастамасын қолдап отырмыз. Осындай жағдайда коммерциялық емес ұйымдар мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі — Қазақстан халқының әл-ауқаты мен болашағы үшін тікелей міндеті болып табылады», — деп өз ойымен Кеңес Рақышев бөлісті.