«Сәби» қоры қызметінің маңызды бағыттарының бірі – ұлттық мәдениет пен өнерді қолдау, Қазақстанның тарихи-мәдени және көркем мұрасын ел ішінде және шетелде дәріптеу.
Осы бағыт аясында қор бірқатар халықаралық мәдени жобаларды жүзеге асырды. Солардың қатарында Қазақстанның заманауи өнер көрмесі мен Лондондағы Christie’s үйінде өткен қайырымдылық аукционын қамтыған «Art Nomad» жобасы, сондай-ақ көне қазақ зергерлік бұйымдарының бірегей топтамасын ұсынған Nomad’s Way әлеуметтік-мәдени акциясы мен Нью-Йорк қоғамдық кітапханасында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы бар.
Сонымен қатар әр жылдары қор «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрына, қазақстандық GN Septet ансамбліне демеушілік қолдау көрсетіп келді, Қазақстанның Венеция биенналесіндегі тұңғыш ұлттық павильонын ұйымдастыруға атсалысты. Сондай-ақ Париждегі Шығыс өнерінің ұлттық музейінде өткен «Қазақ даласы өркениетінің мәдени коды» көрмесін ұйымдастыруға қолдау көрсетті.
Осы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде «Сәби» қоры Алматы қаласындағы Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының Геологиялық музейін жаңғырту жобасына қаржылай қолдау көрсетеді.
Музейде еліміздің бірегей ғылыми мұрасы – минералдардың, тау жыныстарының және басқа да геологиялық материалдардың 55 000-нан астам құжаттандырылған эталондық үлгісі сақтаулы. Олардың көпшілігі Қазақстанның табиғи тарихының орны толмас куәсі болып табылады және ғылым үшін аса мәнге ие.
Бүгінде музей алдында маңызды міндет тұр – бірегей ғылыми мұраны тек мамандар үшін ғана емес, қалың жұртшылық үшін де қолжетімді ету. Әсіресе балалар мен мектеп оқушылары үшін музейге бару – геология әлемімен, Қазақстанның табиғи байлықтарымен және Жер ғаламшарымыздың тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін маңызды танымдық тәжірибе.
Жаңғырту жұмыстары музей кеңістігін заманауи талаптарға сай жаңартып, құнды жәдігерлер мен ғылыми қордың сақталуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жоба аясында музейге арнайы жарықтандыру жүйесін орнату, бейнебақылау жүйесін жаңарту, сондай-ақ ішкі көрінісі мен безендірілуін жаңарту жоспарланған.
Көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен сабақтасқан музейдің өзіндік тарихи болмысын сақтауға ерекше мән беріледі.
«Сәби» қоры үшін мұндай жобаларды қолдау – нақты бір кеңістікті жаңартуға ғана емес, ұлттық мұраны сақтауға, ағартушылық ортаны дамытуға және болашақ ұрпақтың Қазақстан тарихы мен ғылыми мұрасына деген қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған маңызды үлес.