«Сәби» қоры өзінің «Медициналық жобасы» аясында Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы №32 қалалық емханадағы қымбат магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппаратын жөндеуге қаржылай қолдау көрсетті. Емхана басшылығы МРТ-ның істен шыққан компрессорын сатып алып, ауыстыруға көмек сұрап, бізге жүгінді. Мемлекеттік медицина мекемесі үшін жөндеу құны тым қымбатқа түсіп, өз күштерімен шешу мүмкін болмады.
Кез келген емханада МРТ аппараты аса маңызды рөл атқарады, себебі дәл әрі сапалы тексеруден өту мүмкіндігі диагнозды дер кезінде қою мен емді ерте бастауға тікелей әсер етеді. Бұл құрылғы арқылы күн сайын ондаған науқас тексерістен өтеді. Ал оның істен шығуы аурухана жұмысын айтарлықтай қиындатты — пациенттер басқа мекемелерге жолдама алып, ұзақ күтулеріне немесе ақылы диагностиканы жеке клиникалардан іздеуіне тура келді.
Қор тарапынан жедел қолдау көрсетілгенінің арқасында МРТ құрылғысы қайта іске қосылды. Енді емхана аудан тұрғындарына сапалы, дәл және тегін диагностика қызметін толық көлемде уақытылы ұсына алады.