«Сәби» қайырымдылық қорының президенті және құрылтайшысы Әсел Тасмағамбетова «Халық алғысы» құрметті медалімен марапатталды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 8 маусымдағы Жарлығына сәйкес құрылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы болып табылады.
Медаль білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті еңбек етіп жүрген, сондай-ақ COVID-19 пандемиясына қарсы күресте ерекшеленген Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі.
Пандемия кезінде Әсел Тасмағамбетованың жетекшілігімен «Сәби» қоры халыққа көмек беруге, коронавирустық инфекцияны анықтауға арналған тестілерді, медициналық құрал-жабдықтарды, дәрі-дәрмектерді, жеке қорғану құралдарын және басқа санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуге 1 137 393 000 теңге жұмсады.
Әсел Иманғалиқызын лайықты марапатпен құттықтаймыз және ауқымды қайырымдылық жобаларын жүзеге асыруда одан әрі сәттілік тілеймін!