— «Сәби» Қоры Шымкент қаласында аты аңызға айналған «Фосфорник» мәдениет сарайының жаңа ғимараты құрылысын ұйымдастыруға кірісті. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Болашақ ғимараттың жобасында шығармашылық және қолөнер шеберханалары, телестудия, кітапхана, дәрісхана, концерттік алаң, коворкингтер, digital-зертханалар қарастырылған.
Жаңа «Фосфорник» креативті салалар жиналатын орталыққа, қаланың болашағы зор жастарына білім беру және шығармашылық хабына айналмақ.
Жобаның болжамды құны 10 миллион доллардан асады. Жобаны іске асыруға биыл 38 395 078 теңге жұмсалды.
— «Сәби» қоры Астанадағы дарынды балаларға мектеп сыйлады. Ыңғайлы және шығармашылық білім беру үдерісі үшін барлық жағдай жасалған жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды. Жаңа оқу орнында барлық қажетті жабдықтармен және эргономикалық жиһаздармен жабдықталған ыңғайлы сыныптар, кең демалыс орындары, робототехника кабинеті және тігін цехы бар.
Ғимарат ауданы 10 мың шаршы метрден асады, оның 3 мың шаршы метрін спорт және ойын аймақтары алып жатыр.
Жобаның құны 3 323 462 593 теңгені құрады. Оның ішінде биыл 812 590 345 теңге жұмсалды.