Future Talks – «Сәби» қорының бастамасымен өткен көптен күткен форум 26 сәуір күні өтті. Бұл зияткерлік іс-шаралар сериясы Қазақстан мен Ресейдің әлемге әйгілі ойшылдары, ғалымдары мен визионерлерін біріктірді.

Шуақты сенбі күні 150-ге жуық қонақ Орталық Азия Экологиялық Зерттеулер Институтының қабырғасында бас қосып, сарапшылармен бірге адамға бағытталған, білім мен ізгі құндылықтарды негіз еткен кемел болашақтың сұлбасын бірлесе айқындады.

Экономика мен білім беру салаларындағы бүгінгі ахуал қандай? Қандай мүмкіндіктер мен қатерлер бар? Үздіксіз өзгерістер дәуірінде бізді не күтіп тұр және алдын ала болжау мүмкін емес өзгерістерге қалай дайын боламыз? Осындай өзекті әрі өміршең сұрақтар Future Talks форумының алғашқы — іскерлік бөлімінде кеңінен талқыланды. Бұл бөлім екі тақырыптық секциядан тұратын мазмұнды пленарлық сессия түрінде өтті. Спикерлер қатарында нейроғылым саласының танымал ғалымы, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Когнитивті зерттеулер институтының директоры Татьяна Черниговская мен институционалды экономика саласының майталманы, Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетінің деканы Александр Аузан болды. Пленарлық отырысты «Сәби» қорының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова мен экономист Рахым Ошақбаев шеберлікпен жүргізді.

Кездесуді ашқан Әсел Тасмағамбетова өз жүрегінен шыққан терең ойларымен бөлісті:
«Мен әрқашан тек білімге ғана емес, терең мағынаға деген ішкі аштықты сезіндім. Жақсы болашақты құруға деген ішкі қажеттілігімді түйсініп, оның жолында ұмтылыс білдіру мен үшін әрқашан маңызды болды. Бүгінгі кездесуден әрқайсымыз тек зияткерлік аштықты қандырып қана қоймай, болашаққа деген жаңа серпіліспен, өзгерістерге деген ұмтылыспен кетуімізді қалаймын. Болашақ тек бүгіннен басталады. Басқаларды өзгерту үшін, ең алдымен, өзімізді өзгертуіміз керек». Пленарлық сессия залдан түскен сұрақтармен одан әрі толықты, ал тыңдармандардың терең қызығушылығының арқасында әңгімелер тоқтаусыз әрі мағыналы түрде жалғасты.

Кейін қонақтар Future Talks үшін арнайы қойылған әдеби-музыкалық кештің — VODA премьерасын тамашалады. Қойылым әлем әдебиетінің классикалық шығармаларынан бастап, ғылыми-көпшілік кітаптар мен естеліктерден алынған үзінділерді бір арнаға тоғыстырды. Спектакльдің негізгі тақырыбы — су болды: оның теңіз толқыны мен тартымдылығы немесе су тасқынының апатты қатері. Қойылымда белгілі актерлер Чингиз Капин, Айсулу Азимбаева, Елена Морозова және Мәскеу мемлекеттік университетінің психология факультеті, тұлға психологиясы кафедрасының меңгерушісі, психолог Александр Асмолов сахнада өнер көрсетті.

Форумның серіктесі ретінде Мәскеудің орталығындағы интеллектуалдар клубы Noôdome «Сәби» қорының құндылықтарына жақын екендігін білдіріп, қолдау көрсетті.

Алдағы жарияланымдарда Future Talks іс-шараларының ерекше атмосферасы мен маңызды сәттерін, сондай-ақ негізгі спикерлердің айтқан дәйексөздерімен бөлісуді жалғастырамыз.