«Сәби» қоры Қазақстанның барлық өңіріндегі ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Kaspi.kz, Bereke Bank, BCC.KZ мобильді қосымшалары мен Tayyab исламдық сервисі арқылы жолданған қайырымдылық көмектеріңіздің арқасында өмірлік маңызы бар арнайы құрал-жабдықтар сатып алынып, шұғыл емдеуді қажет ететін балалардың ем ақысы тұрақты түрде қаржыландырылуда. Соңғы уақытта қолдау алған қамқорлығымыздағы балалардың оқиғаларымен бөлісеміз.

Көмек алғандардың бірі – Орал қаласының тұрғыны, аутизм диагнозы қойылған сегіз жасар Қанат Әмір. Оған күрделі стоматологиялық ем қажет болып, бірақ денсаулық жағдайының ерекшеліктеріне байланысты қажетті медициналық көмекті мемлекеттік бағдарлама аясында алу қиынға соқты, ал жекеменшік клиникалардағы ем құны отбасы үшін тым жоғары болды. Қор 210 600 теңге көлеміндегі стоматологиялық емнің және құны 257 700 теңге болатын төрт айлық бейімделген дене шынықтыру  курсына қаржылай қолдау көрсетті.

Қолдау алған тағы бір бүлдіршін – Өскемен қаласының тұрғыны Әлсейітова Асаль. Оған балалар церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Баланың қауіпсіз әрі жайлы қозғалуына мүмкіндік жасау мақсатында қор құны 1 014 600 теңге тұратын арнайы мүгедектер арбасын сатып алып берді.

Келесі қамқорлығымыздағы бала – Алматы облысының он жасар тұрғыны Амангелді Нығмет. Оған балалар церебралды сал ауруы, шала туған нәрестелердің V дәрежелі ретинопатиясы және IV дәрежелі есту қабілетінің бұзылысы диагноздары қойылған. Баланың күнделікті күтімін жеңілдетіп, еркін қозғалуына мүмкіндік жасау үшін қор құны 1 370 000 теңге болатын көпфункционалды мүгедектер арбасын сатып алды.

Оңалту шаралары аясында Алматы қаласының тоғыз жасар тұрғыны Арслан Ибрагимовқа да қолдау көрсетілді. Балалар церебралды сал ауруымен өмір сүретін бала үшін дене қалпын дұрыс қалыптастыру және оңалту үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында құны 490 000 теңге болатын вертикализатор сатып алынды.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласының он жасар тұрғыны Жаныл Махамбетқызына да арнайы оңалту жабдығы табысталды. Балалар церебралды сал ауруына байланысты оған үй жағдайындағы жаттығулардың үздіксіз әрі нәтижелі өтуін қамтамасыз ететін құны 1 250 000 теңге болатын электрлік вертикализатор сатып алынды.

Барлық бүлдіршіндерге зор денсаулық, оңалту жолында табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз.

Балаларымыздың тағдырына бейжай қарамай, әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан барлық донорлар мен меценаттарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз.

Жақсылыққа әркім өз үлесін қоса алады. Ол үшін Kaspi.kz, Bereke Bank, BCC.KZ мобильді қосымшаларындағы немесе Tayyab исламдық сервисіндегі «Қайырымдылық» бөліміне кіріп, «Сәби» жеке қайырымдылық қорын таңдап, өзіңізге қолайлы кез келген сомада қайырымдылық жасай аласыз.