«Сәби» қайырымдылық қорына 17 жыл толғанда, мен қайырымдылық үш тірекке сүйенетінін жазған едім: мейірімділік, жанашырлық және әрекет етуге дайын болу.

Биыл — қордың құрылғанына 23 жыл.

Осы жылдар ішінде біз ондаған маңызды жобаларды жүзеге асырдық: мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, стипендиялық бағдарламалар, ұзақ мерзімді әлеуметтік қолдау бастамалары.

Өкінішке қарай, осы уақыт аралығында Қазақстанда қайырымдылық қоғамдық деңгейде орныққан әлеуметтік институтқа айнала алмады.

Біз тек ғимараттар салып қана қоймаймыз — біз заманауи, қауіпсіз әрі толық жабдықталған әлеуметтік нысандарды нөлден бастап тұрғызамыз: мектептер, балалар үйлері, инклюзивті ойын алаңдары мен балалар хирургия бөлімшелері.

Алайда, өкінішке орай, идеядан оны іске асыруға дейінгі жол жиі кедергілерге толы болады — бұл объективті қиындықтардан емес, бюрократияның өткел бермес тас қабырғасынан туындайды.

Дәл осындай жағдай 2012 жылы Қызылордада Балалар үйін салу кезінде орын алды.

Ескі ғимарат апаттық жағдайда еді. Біз оның орнына жаңа, жылы, заманауи әрі жайлы үй салып беруді ұсындық. Алайда, бұл — маңыздылығы ешқандай күмән тудырмайтын игі бастама болса да, оны жүзеге асыру бірнеше жылға созылып кетті:

— бір жыл бойы жоба әкімдікпен келісілді,
— учаске өзгеріп, жобаны толықтай қайта жасауға тура келді,
— кейін құрылыс орнында тіркелмеген жер асты коммуникациялары табылып, жобаны үшінші рет өзгерту қажет болды.

Көптеген формалды әрі қолдан жасалған ескертулерге қарамастан, жоба тек тоғыз айдан кейін ғана сараптамадан өтті. Соған қарамастан, Балалар үйі салынды. Бүгінде бұл ғимарат — ана мен балаға арналған дағдарыс орталығы ретінде қызмет етіп тұр.

Ұқсас жағдай Астанадағы инклюзивті ойын алаңын салу барысында орын алды.

Бұл нысан 2022 жылы толық салынып біткеніне қарамастан, қаланың балансына тек 2024 жылы ғана өткізілді. Себебі — үнемі өзгертілетін талаптар, тұжырымдамалардағы түзетулер, жаңа шарттар және мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушіліктер. Әр жолы жаңа кедергілер туындап отырды: кейде құжаттар жеткіліксіз деп танылды, кейде формалды сәйкессіздіктер табылды. Бұл жоба барлық нормативтерге толық сай жүзеге асырылып, толығымен демеушілер қаражаты есебінен салынғанына қарамастан, оның қабылдануы бірнеше жылға созылып кетті.

Бүгінгі күні де біз дәл осындай жағдаймен қайта бетпе-бет келіп отырмыз.

2024 жылы біз Астанадағы мектептің үш аусымдық мәселесін шешу мақсатында «Зерде» лицейіне жаңа мемлекеттік білім ордасын тұрғыздық. Жоба толықтай — сәулеттік тұжырымдамадан бастап, ішкі жабдықталуына дейін — біздің тарапымыздан жүзеге асырылды. 10 000 шаршы метр аумақты қамтиды, оның ішінде 3 000 шаршы метрі — спорт және ойын алаңдарына арналған. Алайда бір жылдан бері ғимаратты қала балансына өткізе алмай келеміз. Өйткені нақты атқару тәртібі қарастырылмаған. Реттелген механизм жоқ.

Бұл — жүйелік деңгейдегі мәселе.

Формализм, жауапкершіліктен қорқу және мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімділіктің жоқтығы қайырымдылықты нағыз кедергілер алаңына айналдырып отыр.

Бұл өз кезегінде, көптеген әлеуетті демеушілердің әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысуға деген құлшынысын жоғалттырады.

23 жыл ішінде мен Қазақстандағы қайырымдылық саласының қалай өзгергеніне куә болдым. Толық сенімсіздіктен бастап — мықты жеке бастамалар, еріктілер қозғалысы мен кәсіби қайырымдылық қорларының пайда болуына дейінгі жолдан өттік.

Алайда, соған қарамастан, елімізде бұл саланы тіреп тұратын инфрақұрылым әлі де қалыптаспаған. Толыққанды жүйе жоқ. Тұрақты институция да құрылмаған.

Кеңес заманында қайырымдылық болмаған — ол кезде бұл қызметті мемлекет атқаратын.

Ал бүгінде, тәуелсіз Қазақстанда, бұл салаға небәрі үш онжылдық болды. Және ол – ешбір институционалдық жадысыз, өзара әрекеттесу механизмдерінсіз әлі де өзін іздеуде.

Мүмкін, бұл — қалыптасу кезеңі. Мүмкін, бұл — тек бастамасы ғана.

Бірақ бір нәрсе анық: азаматтық бастамаларсыз — мықты мемлекет болмайды.

Қайырымдылық — ерте ме, кеш пе, біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады. Ал оның болашақта қалай шешіліп, қандай құндылықтарға сүйенетіні өзекті мәселе.

Қайырымдылық қызметі дамуы үшін мейірімді жүректер ғана емес, тиімді институттар қажет. Таза ниеттің болуымен бірге пісіп-жетілген, кемел шешімдер қажет

Әсел Тасмағамбетова

«Сәби» Қайырымдылық Қорының Президенті