Dos платформасы білім беру, әріптестік және кәсіби диалог арқылы үкіметтік емес сектордың әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа жобаларды таныстырды.

Сол жобалардың бірі – Dos Academy онлайн-мектебі. Бұл бастама үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, білімге, тәжірибеге және үздік салалық практикаларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Мектептің тұсаукесері барысында еліміздегі қайырымдылық саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген беделді сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері өздерінің тәжірибелерімен, ой-толғамдарымен және көзқарастарымен бөлісті.

«Сәби» қорының президенті Асель Тасмағамбетова өз сөзінде жаңа бастаманың маңыздылығына ерекше назар аударды: «Ең алдымен, үкіметтік емес ұйымдарға арналған онлайн-платформаның іске қосылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл — еліміздегі үшінші секторды жаңа деңгейге көтеретін маңызды әрі дер кезінде қолға алынған қадам. Шақырту алған сәтте-ақ қуана келістім және сабақ жазуға ықыласпен кірістім — себебі бүгінгі таңда білім, тәжірибе, қателік пен жетістік алмасатын орта бізге ауадай қажет екенін жақсы түсінемін», — деді ол.

23 жыл бұрын біз «Сәби» қорын құрған кезде, елімізде бұл қоғам үшін аса маңызды саланың қалай жұмыс істейтіні туралы нақты түсінік те, бағыт-бағдар да жоқ еді. Үйренетін платформа да, сүйенетін әдістеме де, мойындау да болмаған кезең еді. Барлығын өз бетімізше, нөлден бастауға тура келді. Біз шұғыл көмек көрсететін балалар хирургиясын қалай салу керек, инклюзияны жүйелі түрде қалай енгізу керек, заманауи мектептерді қалай жобалау қажет соның бәрін уақыт өте келе тәжірибе барысында үйрендік.

Қор тәжірибесінен айтарым: ең маңызды дағдылар — жүйелі ойлау, жобалық тәсіл, тыңдай білу және әріптестік орната алу. Сонымен қатар — заңнаманы білу, қаражат тарту, мемлекетпен жұмыс істеу және цифрлық сауаттылық та қажет.

Алайда мұның бәрі адамның ішінде білім алуға деген құлшыныс болғанда ғана іске асады. Себебі шынайы өмір үнемі өзгеріп отырады. Біз өзгелердің өмірін өзгерткіміз келсе — өзіміз де өзгеруге дайын болуымыз керек».

Бағдарламаның екінші бөлімінде ҮЕҰ, бизнес және мемлекет арасындағы орнықты әріптестіктің негізі саналатын сенім тақырыбы талқыланды.

Іс-шара соңында қонақтарға жаңа фандрайзингтік платформа – YRYS таныстырылды. Бұл — Қазақстандағы қайырымдылық жобаларына қаражат тартудың ашық әрі қолжетімді тетіктерін ұсынатын құрал.

Көптеген идеялармен алмасқаннан кейін қатысушылар өзара бейресми әңгімелесіп, әсерлерімен бөлісті, алдағы жоспарлар мен ықтимал ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Бұл күн — қоғамды жақсы жаққа өзгертуге талпынатын жандар үшін маңызды тоғыс нүктесіне айналды.