«Сәби» қайырымдылық қоры осыдан 23 жыл бұрын құрылып, содан бері Қазақстанда ауқымды әрі қоғамға пайдасы зор жобаларды жүзеге асырып келеді. 2002 жылдан бастап қордың басты назарында – адам өмірінің іргетасы саналатын екі маңызды бағыт: білім мен медицина. Осы салаларда біз жүйелі, жан-жақты және нәтижелі жұмыс жүргізіп келеміз.

Біздің әрбір бастамамыз – жай ғана көмек көрсету емес, терең себептерге үңілуге деген ұмтылыс. Біз кез келген қоғамда, кез келген жүйеде болатын, бірақ көбіне елеусіз қалатын «соқыр нүктелерді» зерттеуге тырысамыз. Бұл – көпшілік талқыламайтын, алайда адамның өмір сапасын айқындайтын аса маңызды салалар.

Медицина саласында да көптің назарынан тыс қалып жүрген, өткір әрі өзекті мәселелер бар. Солардың бірі – шұғыл балалар хирургиясы. Ұзақ уақыт бойы көлеңкеде қалған бұл бағыт бізді жаңа, аса маңызды жобаны қолға алуға итермеледі.

Не байқадық?

Бұл жобаны мен 2018 жылы бастадым. Біз командамен бірге еліміздегі балалар мүгедектігінің арту себептерін терең талдап, мән-жайға үңілдік. Зерттеу нәтижесінде анықталған ең өзекті мәселелердің бірі — шұғыл хирургиялық көмектің дер кезінде көрсетілмеуі болды.

Бала ауруханаға жеткізілгенімен, не операция кешіктіріледі, не медициналық жағдай қажетті стандарттарға сай келмейді. Соның салдарынан балада асқынулар пайда болып, ұзақ оңалту кезеңі басталады. Ал кейбір жағдайларда – бұл өмір бойына созылатын мүгедектікке әкеледі.

Статистика бұл мәселенің ауқымын анық көрсетіп отыр:

  • 2021 жылы елімізде 98 254 бала мүгедектігі тіркелсе,
  • 2022 жылы – 104 260,
  • 2023 жылы – 109 496 жағдай тіркелген.

Үш жылдың ішінде өсім 11,4% құрады, және осы жағдайлардың 68%-дан астамы — мектеп жасындағы балалар арасында.

Мен үшін бұл мәселенің ұзақ уақыт бойы тасада қалып келгені анық болды. Ол сырт көзге көрінбейді, бірақ талай тағдырды тасталқан етеді.

Не істедік?

Осылайша «Шұғыл балалар хирургиясы» жобасы дүниеге келді. Біз бұл іске де, басқа бастамалардағыдай, кешенді түрде кірістік:

  • Алматы, Семей, Ақтау, Петропавл және Атырау қалаларында бес заманауи бөлімше аштық;
  • жедел жәрдем көліктеріне арналған ыңғайлы кіреберістер мен қабылдау аймақтарын ұйымдастырдық;
  • ішкі кедергілерді жойып, науқастарды тез қабылдауға жағдай жасадық;
  • операциялық бөлімшелерде ауа стерильдігін қамтамасыз ететін арнайы желдету жүйесі — ламинарлық ағын технологияларын орнаттық;
  • енді дәрігерлер бұрынғыдай күніне 3-4 ғана емес, 10-ға жуық операция жасай алады;
  • бөлімшелерді лапароскопиялық құрылғылардан бастап, мониторинг және реанимация жүйелеріне дейін соңғы үлгідегі технологиямен жабдықтадық;
  • шетелдік сарапшылармен бірлесіп дәрігерлерге арнайы оқыту ұйымдастырдық – өйткені тек техника ғана емес, дәрігерлердің біліктілігі де әлемдік стандарттарға сай болуы керек.

Нәтиже қандай?

Мыңдаған бала шұғыл және сапалы көмек алды. Ең бастысы – олар бұрын міндетті деп саналатын ауыр зардаптардан аман қалды.

Бүгінде еліміздің аймақтарында білікті дәрігерлер бұрын тек Астана мен Алматыда ғана жасалатын күрделі оталарды сәтті орындай алуда. Бұл — медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтерді. Қызмет қолжетімді болып, көмек алыстағы өңірлерге де жетті. Бұл -үлкен жолдың бастауы ғана.

Алдағы жоспарлар

Біз тек инфрақұрылымдағы олқылықты жойып қана қоймай —  ұзақ уақыт көлеңкеде қалып келген мәселені жарыққа шығарып отырмыз.

Шұғыл балалар хирургиясы – жай ғана медициналық мәселе емес, бұл – әділдік мәселесі. Бұл – әрбір баланың, ол қай өңірде дүниеге келсе де, ауыртпалықсыз, шектеусіз және қорқынышсыз өмір сүруге лайық екендігіне деген сенім.

Біз бұл жолды бастап кеттік. Енді тоқтау ойымызда жоқ.

Менің басты мақсатым — осындай бөлімшелердің Қазақстанның әр өңірінде ашылуы.

«Үлгермедік» деген сөз балалар ауруханаларында енді ешқашан айтылмауы керек.