15 қазан Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепте Бекет Қарашиннің «Махамбет әлемі — Мир Махамбета» кітабының тұсаукесеріне арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Рухани мұраны ұлықтаған тағылымды кеш қазақ халқының азаттығы мен әділдігі жолындағы күрестің жарқын бейнесіне айналған, ақындығы мен батырлығын, күйшілік өнерін бір бойына тоғыстырған Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығына арналды.
Кітап «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен жарық көріп, қор оның мәтінін әдеби өңдеуден бастап, беттелуі мен көркемдік безендірілуіне және толық таралымының басып шығарылуына дейінгі барлық жұмыстарды жүзеге асырды. Бұл жоба қордың қазақ тілін, әдебиеті мен ұлттық мәдениетін сақтау және кеңінен дәріптеу бағытындағы жүйелі қызметінің жалғасы болды. Біз үшін қазақ әдебиетінің бай мұрасы өткеннің құнды қазынасы ретінде ғана сақталып қоймай, бүгінгі мәдени өмірдің де ажырамас бөлігіне айналуы ерекше маңызды.
Махамбет Өтемісұлы өз поэзиясында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мұраты мен азаттыққа деген ұмтылысын дала өмірінің көріністері мен көркем бейнелер арқылы өрнектеп, өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын шебер жеткізе білді. Бүгінде оның шығармашылығына үңілу XIX ғасырдың тарихына терең бойлап қана қоймай, қазақ халқының ұлттық санасы мен рухани құндылықтарының қалыптасу кезеңін түсінуге мүмкіндік береді.
Кеш бағдарламасы әдебиет, музыка және театр өнерін тоғыстырды. Қонақтар «Махамбет әлемі» атты бейнематериалды тамашалап, «Ақын тұлғасы — оқырман үнімен» әдеби-музыкалық композициясымен танысты. Сондай-ақ, Махамбет шығармаларына негізделген термелерді тыңдады.
Іс-шараға «Сәби» қайырымдылық қорының президенті, Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің құрылтайшысы әрі бас директоры Әсел Тасмағамбетова және кітаптың авторы, қазақстандық ақын, аудармашы және Махамбет Өтемісұлының шығармашылығын зерттеуші Бекет Қарашин, зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, Алматы қаласындағы мектептердің басшылары мен ұстаздары қатысты.
Жобаның маңызды нәтижелерінің бірі — кітаптардың Алматы қаласындағы мектеп кітапханаларына табысталуы болды. Осылайша, бастама нақты жалғасын тауып, кітаптар оқу үдерісінде пайдаланылып, оқушылардың білімін толықтыратын қосымша дереккөзге айналады.
Әр дәуірдің өз үні бар, ал Махамбеттің өр рухты жырлары ғасырлар қойнауынан жетіп, бүгінгі күнмен үндесіп келеді. Оның шығармашылығы жас ұрпаққа поэзия арқылы тарихты тереңірек танып, ана тілінің құдіретін сезінуге, ұлы тұлғалардың өмірі мен мұрасынан бүгінгі заман үшін де мәні зор рухани бағдар табуға жол ашады.