2015 жылы Наурызбай ауданы қарқынды дамып, жаңа тұрғын үй алаптары бой көтеріп, балалы отбасылардың саны арта түсті. Қолданыстағы мектептерде орын жетіспей, оқушылар екі ауысымда білім алды. Әсіресе қазақ тілінде білім беретін мектепке қажеттілік жоғары болды.
Осы тұста «Сәби» қоры мұнда жаңа мектеп салу туралы шешім қабылдады.
Жобаны алғашқы шешімдерден бастап құрылыс аяқталғанға дейін өзім тікелей қадағаладым. Біз үшін 1200 жаңа оқушы орны ғана емес, балаларға білім алуға, спортпен шұғылдануға, шығармашылықпен айналысуға және жан-жақты дамуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру маңызды болды.
2017 жылғы 1 қыркүйекте №174 мектеп-гимназиясы өз есігін айқара ашты: 12 000 ш. м., 3 га аумақ, заманауи оқу, спорт кеңістіктері. Құрылыс жұмыстарын «Сәби» қоры қаржыландырып, кейін мектеп Алматы қ. меншігіне өтеусіз берілді.
Алайда біздің жұмысымыз мұнымен аяқталған жоқ. Мектепке қолдау көрсетуді жалғастырдық: қосымша білім беру бағдарламалары енгізіліп, математика мен бағдарламалау пәндері бойынша тереңдетілген сабақтар ұйымдастырылды. Ал 2021 жылы заманауи робототехника кабинеті ашылды.
Бүгінде мұнда қазақ тілінде 3011 бала білім алып жатыр. Ең бастысы — еңбегіміздің нақты нәтижесін көріп отырмыз.
ҰБТ нәтижелерінің сапа көрсеткіші 74%-дан 81%-ға өсті.
Биылғы 146 түлектің 81-і білім гранттарына ие болды.
22 оқушы «Алтын белгі» және үздік аттестат иегері атанды.
Оқушылар қалалық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Ұстаздардың біліктілігі де артып келеді: 192 мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті, ал 216 ұстаздың барлығы цифрлық білім беру бойынша оқудан өтті.
Тоғыз жыл ішінде мұнда көп нәрсе өзгерді. Бірақ мен үшін ең қымбат тұсы — бір кездері бұл жерде бос жатқан алаң болса, бүгінде әр таң сайын мұнда үш мыңнан астам бала білім алуға келеді.
Мен жобаның ең үлкен нәтижесін дәл осыдан көремін.
Өйткені мектеп — бұл қабырғалар мен шаршы метрлер ғана емес. Бұл — балаларға берілген мүмкіндіктер: білім алу, зерттеу жүргізу, жеңіске жету, үздік ЖОО-ға түсу және өз болашағын таңдау.
Ал №174 мектепті Алматыдағы үздік мектептердің біріне айналдыру туралы арманымыз бүгінде біртіндеп шындыққа айналып келеді.