National Geographic Каспийді сақтауға қосқан үлесі үшін Әсел Тасмағамбетованың қызметін атап өтті

Халықаралық басылым «National Geographic 33» жаһандық жобасы аясында алғаш рет Қазақстандағы амбассадорларды марапаттады.

National Geographic Qazaqstan амбассадорларын салтанатты марапаттау рәсімі Астанада Nazarbayev University алаңында өтті және журналдың Қазақстанда жарық көргеніне 10 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Іс-шараға ғылыми қоғамдастық өкілдері, зерттеушілер және БАҚ қатысты.

National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақтың айтуынша, жоба бүкіл әлем бойынша қоғам өміріне оң өзгерістер енгізіп жүрген тұлғаларды насихаттауға бағытталған. National Geographic Qazaqstan амбассадоры атағы осы жобадан шабыт алып, қызметі «National Geographic 33» қағидаттарымен үндес, ғылымды дамытуға, табиғатты қорғауға әрі қоғамды жақсартуға үлес қосып жүрген қазақстандықтарды марапаттауға арналған.

Эколог, Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетова қоршаған ортаны қорғауға қосқан елеулі үлесі үшін, атап айтқанда Каспий теңізінің жалғыз сүтқоректісі – Каспий итбалығын зерттеу және сақтау бағытындағы жұмысы үшін марапатталды.

Оның жетекшілігіндегі Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты 2015 жылдан бері Каспий итбалығы популяциясының азаюын зерттеп келеді.

«National Geographic Qazaqstan амбассадоры рөлі мен үшін бір жағынан қуаныш, екінші жағынан үлкен алаңдаушылық тудырады. Бұл – біздің жұмысымызға берілген жоғары баға. Алайда Каспийдегі экологиялық жағдай мен итбалықтарды сақтау мәселесі жыл сайын күрделене түсуде. Сондықтан алда атқаратын ортақ жұмыстарымыз көп», – деді Әсел Тасмағамбетова.