Бірер күн бұрын Алматыда Қазақстанның креативті индустриялары саласындағы Steppe Awards премиясының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл премияны The Steppe медиа жобасы жас креаторлардың бастамаларын тану, қолдау және дамыту құралы ретінде құрған. «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова премияның әлеуметтік жобалар бағытының кураторы ретінде қатысты.
Соңғы он жыл бойы «Сәби» қайырымдылық қоры еліміздің әр өңірінен шыққан талантты жастарды қолдап, «Өз бизнесіңді баста» атты байқауды тұрақты түрде өткізіп келді. Осы уақыт ішінде 80 жас кәсіпкер жалпы сомасы 2 240 000 АҚШ долларын құрайтын қайтарымсыз гранттарға ие болды. Бүгінгі таңда барлық жобалар табысты жұмыс істеп, ел экономикасына өз үлесін қосуда.
Айрықша атап өтерлік жайт — The Steppe медиа жобасының негізін қалаушы Зәуре Розмат кезінде «Сәби» қоры ұйымдастырған «Өз бизнесіңді баста» жобасының 2015 ж. түлегі болып табылады. Өз уақытында оның Kids Lab жобасы қордан 20 000 АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз грант алған еді. Бұл конкурсқа қатысу оның кәсіби жолындағы маңызды кезеңге айналып, әрі қарай дамуға зор серпін берді.
«Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова қазылар алқасының құрамына кіру туралы ұсынысты қуана қабылдап, барлық әлеуметтік жобалармен жеке танысты.
Байқау қорытындысы бойынша екі жоба — «PM2.5 бөлшектерінің физика-химиялық сипаттамалары мен биологиялық белсенділігін зерттеу: Алматы қаласының ауасындағы экологиялық тәуекелдерді кешенді бағалау тәсілі» («Science Impact» номинациясы бойынша) және «Семей қаласындағы көру қабілеті төмен және зағип жандарға арналған мамандандырылған кітапхана» («Әлеуметтік жобалар» номинациясы бойынша) өз ісін дамыту мақсатында «Сәби» қорынан 1 миллион теңгеден грантқа ие болды.
Сонымен қатар, «Өз бизнесіңді баста» байқауының түлегімен әріптестік шеңберінде премияны ұйымдастыру жұмыстарына 2,5 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіліп, шараның ақпараттық қолдауына да ерекше үлес қосылды.