Қазақстанда қоғамға адал қызмет етіп, өмірін экология, білім және жас ұрпақтың дамуына арнаған тұлға — Тасмағамбетова Әсел Иманғалиқызының құрметіне арналған республикалық экологиялық «Әсел Тасмағамбетованың құрметіне ағаш сыйлау» атты акциясы өтті. Жобаның қорытынды ағаш отырғызу шарасы Алматы қаласында өтіп, бір ай бойы еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар қала мен өңірлерді ортақ алғыс пен шабыт идеясы арқылы біріктірген ауқымды экологиялық бастаманың символдық нүктесіне айналды.

Акцияға Қазақстанның әр өңірінен 350-ден астам адам қатысты. Тек Алматы қаласының өзінде 286 адам белсенділік танытты. Жоба аясында ағаштар еліміздің жеті облысы мен қалаларында – Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай және Атырау өңірлерінде отырғызылды. Жалпы ел бойынша 350-ден астам ағаш егілді. Бұл ағаштар алғыс пен бірліктің нышанына айналды.

Әрбір отырғызылған ағаш — бұл ризашылықтың, құрмет пен шабыттың нышаны. Ол — Әсел Иманғалиқызының өз өнегесімен, терең білімімен және ізгі істерімен адамдарға сыйлаған мейірімінің бейнесі. Алматылық акция қатысушылары алма бағына келесідей жазылған естелік тақтайша орнатты: «Бұл алма бағы Тасмағамбетова Әсел Иманғалиқызының құрметіне — адам жүрегіне мейірім, шабыт және сүйіспеншілік ұялатқан өмірлік өнегесіне арналады».

Атыраудан Семейге, Қызылордадан Алматыға дейін — жастар өз өңірлері атынан ағаш отырғызып, ортақ үндеу жолдады: «Сізге рақмет. Сіз — біздің шабытымыздың қайнарысыз».

Акцияның соңында еріктілер 15×15 метрлік алып баннер жайып, онда жазылған сөздер көптің жүрегінен шыққан лебізге айналды: «Туған күніңізбен, Әсел Иманғалиқызы! Ізгі істеріңізге рақмет!»

Бұл жоба — Әсел Иманғалиқызы ұстанған қағидаттардың, яғни жастарды қолдау, өңірлерді дамыту мен табиғатты аялау идеяларының өміршең жалғасы.

Жобаның басты мақсаты — адамның еккен жақсылығы мен мейірімі бір күні тұтас орманға айналатынын еске салу.