2017 жылы «Сәби» қоры Ақтөбе қаласында балалар үйінің түлектеріне арналған «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығын ашты. Орталық 80 пәтерді қамтитын екі қабатты төрт тұрғын таунхаустары мен әкімшілік-тұрмыстық ғимараттан тұрады. Кешен Қор қаражаты есебінен салынған. Жобаның сметалық құны 1 миллиард 545 миллион теңгені құрады.
Бүгінгі таңда «Мейірім» орталығында 100-ден астам тәрбиеленуші тұрады. Біздің Қор қамқорлыққа алынған мекемеге жан-жақты қолдау көрсете отырып, балалармен және орталық басшылығымен үнемі байланыс орнатып отырады.
Мысалы, «Сәби» қорының қолдауымен жобаның бас мердігері – «Риголит» компаниясы кешеннің барлық ғимараттарының шатырындағы нөсер суын шығару жүйесін жақсарту бойынша жұмыстарды қаржыландырды. Құрылыс аяқталғаннан кейінгі кепілдік мерзімі 2 жыл бұрын аяқталғанына қарамастан, біз орталыққа барынша көмектесуге тырысамыз және тұрғын үй жағдайын жақсартуға үлес қосамыз.
Жөндеу жұмыстары кезінде аймақтың климаттық жағдайларын ескере отырып, еріген қар және жаңбыр суларын тиімді ағызып шығару үшін шатырдың құрылымы жаңартылды.
«Риголит» ЖШС жүргізілген жөндеу жұмыстары үшін алғысымызды білдіреміз. Ал «Мейірім» орталығының барлық тәрбиеленушілеріне жайлы тұрғын жағдайлары мен оқу-еңбек қызметінде сәттілік тілейміз.