Құрылыс саласындағы қалыптасқан стандарттар нысана салу жұмысын жеңілдетпей, керісінше кедергі келтіргенде қандай шешімдер іздедік

22 жылдық үздіксіз жұмыс барысында "Сәби" қайырымдылық қоры Қазақстанның түрлі өңірлерінде көптеген әлеуметтік нысандар салды. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептер, балалар үйі, жасөспірімдер үйі және балаларға шұғыл хирургиялық көмек көрсету бөлімшелері. Осы уақыт ішінде біздің қорымыз әлеуметтік мекемелерді салу бағытында үлкен тәжірибе жинады. Мен бүгін сіздермен "Құрылыс саласындағы қалыптасқан стандарттар нысана салу жұмысын жеңілдетпей, керісінше кедергі келтіргенде қандай шешімдер іздедік» деген тақырыптағы үш кейспен бөліскім келіп отыр.

Алғашқы оқиға Қызылорда қаласында орын алды. 2010 жыл, үш ескі сарайға ұқсайтын облыстық балалар үйі. Ғимарат апатты жағдайда. Сыртта қырық градус ыстық. Балалардың үстінен шелекпен су құйып жатты. Сол уақытта, қолыма екі апталық нәрестені алған кезімде, мен ары қарай қол қусырып отыра алмайтынымды түсіндім. Біз бұл жерге міндетті түрде жаңа ғимарат саламыз деп шештік. 

Біздің осы бастамамызды қолдап, біреу бізге көмек ұсынды деп ойласаңыз, қателесесіз. Керісінше, жұмыс жасау барысында, құрылысқа деп бөлінген жерден бірде-бір тізілімде көрсетілмеген магистральдық газ құбыры шықты. Біз құрылыс жұмыстарын дереу тоқтатып, ықтимал жарылыстың алдын алып үлгердік.

Әрі қарай құрылысқа жаңа жер бөлініп, жұмыс қайта басталды. Нәтижесінде, біз балаларға арналған жаңа, заманауи ғимарат салып бітірдік. Бірақ балалар жаңа ғимаратқа бірден көше алмады, өйткені бізге оң сараптама берілмей, уақытты ұстады. Бұл мәселе тек Премьер-министрге хат жібергеннен кейін ғана шешілді. 

Мен үшін бұл толық немқұрайлылық жайлы оқиға. Өйткені, бұл 80 жетім баланың тағдырын қозғаған, толығымен қайырымдылық мақсаттағы жоба еді.

Барлық бюрократиялық мәселелерге қарамастан, біз қандай нәтижеге қол жеткізе алдық? Жетім балаларға арналған әдемі әрі жайлы жаңа ғимарат салып, ол жаққа үздік шетелдік мамандарды, оңалту психологтарын тартып, Монтессори жүйесін енгіздік. Соның арқасында балалар бірте-бірте өркендеп, қысқа уақыт ішінде жаңа отбасыларын тапты. 

Бұл оқиға, қоршаған орта адамдардың, ең маңыздысы, балалардың қалыптасуына тікелей әсер ететінін дәлелдеді. 

 

Екінші оқиға. Алматы, Наурызбай ауданының құрылу кезеңі, мектептердің тапшылығы.

Біз үш ауысымды мектептің жүктемесін жеңілдету мақсатында, қаланың жаңа шалғай ауданына жаңа мектеп салу міндетін қойдық. Бұл мезетте, әкімдік бізден дайын үлгілік жобаны талап етіп, 1200 оқушыға арналған мектепте биіктігі 80 см болатын техникалық қабатты міндетті түрде салу қажеттігін айтты. Бірақ біз ол техникалық қабаттың орнына толыққанды қабат салсақ немесе сол ақшаға мектепті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етсек болатын еді. Бірақ олар біз ұсынған шешіммен келіспеді, тағы да стандарттарды сақтау керек болды.

Содан кейін қасбетті әрлеу бойынша даулар басталды. Біз қасбетті күңгірт қоңыр түспен әрлеудің орнына ашық түспен әрлеуді ұсындық. Нәтижесінде, қазіргі таңда біздің мектеп аудан көркіне айналды, ал көрші мекемелер біздің шешімімізден шабыт алып, өз ғимараттарын да ұқсас түстерге бояды.

Қорытындылай келе, біз үш ауысымды мектептің жүктемесін жеңілдеттік және типтік жобаға қарамастан, балаларға арналған функционалды және қызықты демалыс орындары бар әдемі ғимарат салдық.
Мен үшін бұл қатаң консерватизм туралы хикая. Өйткені, әлем күн сайын өзгеруде, ал мектеп казарма емес.

 

Ақтауда болған тағы бір оқиға есімде.

Жедел жәрдем туралы телехикаяны елестетіп көріңіз. Науқас кең қабылдау бөліміне жеткізіледі, оған әр түрлі мамандар бірден көмекке келеді, науқасқа құрылғылар жылдам қосылады. Науқасқа барынша тез көмек көрсетіледі.

Негізі, мүгедектікке шалынудың маңызды себептерінің бірі - кеш көрсетілген көмек болып саналады. Көбінесе, алғашқы көмектің кеш көрсетілуінің себебі - жедел жәрдем кабинеттік жүйеде көрсетіледі. Мысалы, науқастарды ауруханаға пандуссыз әкеледі, санитарлар оларды арқаларына салып ішке кіргізеді, себебі дәліздер өте тар және арбаны орналастыру қиын.

Біз Ақтауда "Шұғыл балалар хирургиясы" жобасын бастаған кезде дәл осындай жағдайға тап болдық. 2012 жылғы ғимарат 60-шы жылдардың стандарттары бойынша салынған: өрнекті терезелер, биік босаға мен қабырғасында тесіктері бар хирургиялық блок. Аталған жоба барысында, барлық бюрократиялық кедергілерді жеңе отырып, осы мәселелердің барлығын өз қолымызбен ретке келтіріп, қайта жасауға тура келді.

Нәтижесінде, біз ашық қабылдау бөлімімен қатар жоғары технологиялық жабдықтары мен операциялық блоктары бар заманауи балалар хирургиясы бөлімін салдық. Сонымен қатар, біз мұнда ламинарлы ағын жүйесін енгіздік. Орнатылған жүйенің арқасында, операциялық блоктардағы ауа дезинфекцияланады және осылайша ауруханаішілік инфекциялардың тарау мүмкіндігі барынша азаяды. Сондай-ақ, науқастарға шұғыл көмек көрсете отырып жүргізілетін операциялар саны артып келеді. 

Мен үшін бұл мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатқа салынып жатқан жаңа ғимараттар ескі ережелер бойынша салынып жатқандығы туралы хикая. Өкінішке орай, құрылысты жаңа әдіспен жүзеге асыруға жол бермейді, ал ескірген әдістермен салынатын ғимараттарға рұқсаттарды оңай береді.

Қорытынды жасай келе, әлеуметтік нысандарды салудағы үлкен тәжірибеміз көңіл көншітпейтінін мойындауымыз керек. Өйткені біз құрылыс жұмыстарын орныққан стандарттар арқасында емес, стандарттарды жеңе келе жүзеге асыруымызға тура келеді. Және де, тағы бір назар аударатын жағдай, Қазақстанда қайырымдылық қорларға арналған ешқандай салықтық жеңілдіктер қарастырылмаған. Біз құрылыс барысында кез келген коммерциялық компания деңгейінде ҚҚС төлейміз.

Шынымды айтсам, мұндай жағдайға кез болғанда, еңсем төмен түседі. Бірақ мен, сапалы білім алған, стандарттардың ескіргенін және оларды өзгерту керек екендігін түсінетін жас сәулетшілерге зор үміт артамын. Құрылыс бағытындағы жаңа стандарттар балалардың өздері білім алып жатқан мектебіне қуана-қуана қайта оралғысы келетіндей, ауруханалар заманауи деңгейде жұмыс жасайтындай және де шұғыл көмек көрсету жұмыстары расымен де шұғыл деңгейде өтетіндей ғимараттар салуға мүмкіндік беретін болса деп армандаймын.

Мұндай өзгерістердің енгізілуіне сіздердің қосар үлестеріңіз көп, қымбатты достар!

Мен алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын стандарттарға қайшы емес, керісінше олардың көмегімен атқарғым келеді. Және осы жерде сіздердің қолдауларыңызға үміт артамын.

 

Әсел Тасмағамбетова, "Сәби" қорының президенті

24.05.2024
09.03.2023
Әсел Тасмағамбетова "Өз…

"Сіздердің алдарыңызда тұрып, көздеріңізге қарағанда: "неткен жас, өршіл және батыл жандар", - деп таң қаламын!…

Блог
30.11.2022
Бақытты өмір сүру – игі…

«Бақытты өмір сүру – игі істерге қатысты болу. Біз бақыт сезімін үнемі емес, белгілі бір сәттерде сезінеміз, ал…

Блог
14.06.2022
«Сәби» Қорының президенті…

«Қадыр атамыздың кезінде «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бізге өз аманатын айтып кеткен…

Блог