«30 жасқа дейінгі 30» рейтингі — бұл жай ғана табысты жандардың тізімі емес, бұл — дәуірдің рухын, уақыттың тынысын танытатын айна. Ол — қазіргі Қазақстан жастарының қандай идеялармен өмір сүріп, қандай мақсаттарға ұмтылып жүргенінің көрінісі. Бұл — көзге бірден көрінбейтін, бірақ қоғамның терең қабаттарында қайнап жатқан энергия мен қозғалыс, мағына мен жаңа ойлар туралы. Бұл — өзгерістердің іргесін қалап жүрген, жаңашылдыққа ұмтылып, сүрініп, қайта тұрып, көбіне дәстүрлі жүйелерден тыс жол салып жүрген жастар туралы хикая.
Шара аясында «Білім — өркениетке салынған инвестиция» атты сессия өтті. Спикерлер қатарында «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова, кәсіпкер Арманжан Байтасов және музыкант әрі педагог Жания Әубәкірова болды. Сессияның модераторы ретінде қоғам қайраткері Досым Сәтпаев сөз тізгінін ұстады.
Спикерлер білім беру рөлін қайта пайымдау, оның мәдениет пен кәсіпкерлік дамуына әсері, жаңа оқу модельдері және осы салада жеке сектордың, қайырымдылық бастамалардың, университеттердің және мемлекеттің рөлі туралы маңызды ойларымен бөлісті.
«Сәби» қорының 23 жылдық жұмысы барысында мен бір аса маңызды нәрсені түсіндім: егер қоғамда сапалы өзгеріс жасағың келсе — баладан бастау керек. Сондықтан білім беру — біздің қордың басты бағыттарының бірі. 2017 жылы біз Алматы қаласына 1200 орындық №174 жалпы білім беретін мектеп салып, тарту еттік. Өткен жылы Астана қаласына дарынды балаларға арналған “Зерде” мектеп-лицейінің ғимаратын салып бердік. 2019 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепті салдық, онда біз жаңа білім беру тұжырымдамасын енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз».
«Мектеп салу — техникалық тұрғыдан мүмкін дүние. Алайда мектеп — тек кірпіш пен қабырғадан тұрмайды. Ол — жүрегімен жұмыс істейтін, миссиясын терең түсінетін ұстаздардың алаңы. Сондықтан мұғалім мәртебесін көтеріп, педагогикалық жоғары оқу орындарында оқыту әдістерін түбегейлі жаңарту — уақыт талабы. Бүгінгі күні ұстаздарды жасанды интеллектпен жұмыс істеуге, заманауи технологиялар мен өзекті дағдыларға үйрету — ерекше маңызды», — деді Әсел Тасмағамбетова.
Сегізінші рет жарық көріп отырған «30 жасқа дейінгі 30» тізіміне биыл түрлі тағдыр жолы мен дүниетанымы әртүрлі жастар енді. Алайда олардың барлығын біріктіретін ортақ қасиет бар — олар болашақты тосып отырмайды, олар оны бүгіннен бастап қалыптастыруда.
Біздің үшін ерекше мақтаныш — саммиттің құрметті қонақтарының қатарында «Өз бизнесіңді баста» байқауымыздың финалистері Рүстем Ермеков, Мадина Тасібекова және Әділхан Рахымбековтің болуы. Бұл алғыр әрі мақсатшыл жастар кезінде қорымыздан білім беру бағытындағы бастамаларын жүзеге асыру үшін өтеусіз гранттарға ие болған еді. Бүгінде сол жобалар тұрақты, табысты бизнеске айналып, қоғамға нақты пайда әкеліп отыр.