Әсел Тасмағамбетованың Enactus World Cup 2024 әлемдік кубогының жабылу салтанатында сөйлеген шабыттандыратын сөзі

Enactus әлем кубогы - әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған студенттер үшін жылдың ең маңызды оқиғасы болып саналады. Бұл өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері өз тарихын жалғастырып келе жатқан оқушылар мен студенттік кәсіпкерліктің, стартаптар мен инновациялардың ең ірі Ұлттық кубогы.

Студенттік кәсіпкерлікті дамыту жастарды әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді тартуға мүмкіндік береді және шағын және орта бизнеске жол ашады. Мұндай модель бүкіл әлемде сәтті қолданылады: 40 жылдан астам уақыт бойы студенттер кәсіпкерлік дағдыларын дамытып, табысты бизнес көшбасшыларына айналып келеді. Enactus өкілдіктері 33 елде, оның ішінде Қазақстанда жұмыс істейді. Қазіргі уақытта әлем бойынша 70 000-нан астам белсенді Enactus студенттері бар.

Enactus тарихында әлемдік кубоктар Лондон, Париж, Йоханнесбург, Пекин, Вашингтон сияқты қалаларда өткен болатын. Әр жылдары Enactus World қатысушыларын Хиллари Клинтон, Джастин Трюдо, Кондолиза Райс, Зинджи Манделла сияқты әлемдік көшбасшы тұлғалар қолдап келеді.

Биыл Дүниежүзілік біріншілікті өткізу құрметіне біздің еліміз ие болды. 2-4 қазан аралығында Қазақстанда алғаш рет Enactus World Cup 2024 өтті. Бұл біздің еліміз үшін үлкен оқиға. "Сәби" қорының президенті Әсел Тасмағамбетова беделді біріншіліктің жабылу салтанатында қорытынды сөз сөйлеуге шақырылғанын мақтан тұтамыз.

Төменде сөз сөйлеудің толық мәтіні берілген:

«Қазір сіздерге – Enactus World Cup қатысушыларына, әлеуметтік инноваторларға, болашақ көшбасшыларға, кәсіпкерлерге, жарқын, мықты, ақкөңіл балаларға қарап тұрмын. Бұл мені қуантпай қоймады, себебі бұл қасиеттердің мәнін білемін. Бұл жай ғана мақтау сөздер емес.

Мен де сіздер сияқты кәсіпкерлікпен айналысамын, жас кәсіпкерлерге көмектесемін. Сонымен қатар, «Сәби» қорының соңғы 23 жылдық және «Өз ісіңді баста» байқауының 10 жылдық жұмысы барысында көз алдымнан 10.000-нан астам жас кәсіпкерлер өтті.

Сондағы жиі көргенім не екенін білесіздер ме? Жеңіске жеткендегі қуаныш. Ал одан да жиі нені байқадым дейсіздер ме? Ащы жеңілістер көрінісі. 100 кәсіпкердің тек 1-і ғана жетістікке толыққанды жетеді.

"Осы ма өзі қалағаным? Мұның бәрі кімге керек?",- деп күмәнданып, тіпті, үмітсіздік жайын сезінетін күн туар. Бүгін сіздерге үмітсіздіктен айығудың тиімді амалын көрсеткен сәт туралы айтып берейін.

2018 жылы біз әлеуметтік саладағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Өз ісіңді баста» кезекті байқауын өткіздік. Байқау барысында арбада отырған бір жігітті кіргізіп жатқан кезде залда отырған едім. Достары оны орнына дейін апарғылары келді, бірақ ол одан бас тартты. Оның үстіне, ол тірек жүргіншіні алып, біздің үстелге қарай өзі келді.

Елестетіп көріңіздерші: аяқтары тәлтіреп, бұл жігіт осы 5 метрді жүріп өту үшін біраз күшін салды.

Сонда мені таң қалдырғаны – оған қарап тұрған кезде бұл өкініш сезімдерін тудырмады. Сол сәтте түсінгенім: бұл бала өмір бойы арбада отырмас. Жігіттің есімі Елдос еді.

Питч-сессия басталды. Елдос апатқа ұшырап, мүгедектер арбасына таңылғаны және қазіргі таңда оңалту орталығын ашуға шешім қабылдағаны туралы айтып берді, себебі өзі тұрып жатқан қалада мұндай орталық жоқ екен. Оған өзінің аяққа тұруы ғана емес, басқаларға да көмектесу маңызды болды.

Менің алдымда жарқын, батыл, күшті, жүрегі кең, мейірімді жас жігіт сөйлеп тұрды! Ол осы өмірдегі мақсатын білді!

Алайда, оған біз бере алатын қаражаттан 5 есе көп қаражат керек еді. Ақшадан бөлек құжаттар, рұқсатнамалар, келісу қағаздары да қажет. Өзі мүгедектерге арналған арбада қозғалып жүр ғой.

Сайып келгенде, жай ғана құрылыс материалдары керек. Мен одан орталықты қандай заттардан, қалай салатынын сұрадым. Сол мезетте ол маған нақты жауабын берді: менде кірпіштер бар.

Дәл осы сәтте оның өз ісіне сенімділігін сездім. Бір қиыншылық туындап қалса, бірден беріле салмайтын, бәріне шыдамды адам екенін түсіндім. Қолында кірпіштері бар!

Не айтып тұрғанымды түсіндіңіздер ме? Ол мені өзінің мықты сенімімен баурап алды! Қолында ештеңе болмаса да, бір тілім жер мен жүз шақты кірпіштің жеткілікті екеніне нық сенімді болды.

Бізде бәрі болса да көп жағдайда оны жеткіліксіз деп санаймыз.  Ойлап қарасақ, негізі оның өзі де бәріне жетіп қалады ғой! Сенім бар жерде, бізге тек әрекет жасап, жұмыс істеудің өзі жеткілікті.

Ары қарай не болды дейсіздер? Елдос 5-6 жыл бойы әуре-сарсаңды бастан өткізді. Бір сәтте ол жобаны жүзеге асыра алмайды деп ойладық. Бірақ ол моймай талпына берді, ақырында оңалту орталығын ашты, бүгінде ол жер адамдарға аяғынан тұруға көмектеседі.

Елдостың арманы орындалды. Оған қоса, ол өзі де аяққа тұрып, үйленіп, қазір қызы мен ұлын тәрбиелеп өсіріп жатыр.

Бұл оқиға маған әрекет ету үшін көптің қажет емес екенін көрсетті. Егер бір нәрсеге нық сеніміңіз болса, сізде барлығы бар деген сөз. Егер бір нәрсеге нық сеніміңіз болса, сізге азғантай кірпіштің өзі жеткілікті. Сізде кірпіштер бар – осының өзі-ақ жеткілікті.

You got the bricks!

Сондықтан бүгін сіздерге айтар үш тілегім бар:

1. Өзіңіздің қаншалықты бай екеніңізді айналаңызға қарап, байқап көріңіз: сіздермен бірге – достарыңыз, қауымдастығыңыз, Enactus қолдауы бар.

2. Сізге бірдеңе жетіспейтіндей сезім туса, тіпті бүкіл әлем сізге қарсы болса да және қолыңыздан ештеңе келмейтін сияқты болса да - әрдайым өзіңізге мынаны айтыңыз: you got the bricks!

3. Егер сіз біреудің қиыншылықта жүріп үмітсіз жағдайда тұрғанын көрсеңіз – оған мынаны айтыңыз: you got the bricks!

Оны қолдап қойыңыздар. Әңгімемнің кейіпкері айтқан бұл сөз сізді қажыған сәттерде қолдасын.

Міне, үмітсіздікке қарсы нағыз дауа: I got the bricks!

11.08.2017
«Сәби» Қоры Президенты…
Атырау қаласында жаңадан бой көтерген балаларға арналған үлкен ойын-сауық қалашығының құрылысы…
Блог
21.04.2017
"Сәби" Қоры жайында
Мен неге қайырымдылық жұмыстарымен айналысамын және қорды қандай мақсатта аштым? Маған осы сұрақтар жиі…
Блог
24.04.2015
Қор жайлы, қызметім және өзім туралы
«Сәби» қайырымдылық қоры діттеген мақсатқа жету жолында 13 жыл бойы жұмыс атқарып келеді.
Блог