Жаңа жылды мерекесі әрбір бала үшін үміт пен қуанышқа толы ерекше кезең. Бұл — ғажайыпқа сенім нығайып, арманға орын беріліп, үлкендердің мейірімі мен қамқорлығы айрықша сезілетін сәттер. Ал жаңа жылды аурухана қабырғасында қарсы алатын балалар үшін мұндай жылы ықылас пен назардың маңызы тіптен ерекше.

Осыны ескере отырып, биыл да қорымыз кішкентай пациенттерге жаңа жылдық көңіл күй сыйлауды мақсат етті. Атырау және Қызылорда облыстық балалар ауруханаларының бөлімшелеріне Аяз ата мен Ақшақар келіп, аурухана палаталары шат күлкіге, балалық қуанышқа және нағыз мерекелік көңіл күйге бөленді.

Ізгі бастама аясында 500-ден астам бала жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды. Көрсетілген көмектің жалпы көлемі 2 650 135 теңгені құрады. Сыйлық жиынтықтарына балаларға арналған ойыншықтар, кітаптар, кеңсе тауарлары, үстел ойындары, шығармашылыққа арналған жинақтар мен пазлдар енді. Алайда бұл көмектің ең басты құндылығы — балалардың жүзіндегі шынайы күлкі мен қуаныш болды. Себебі баланың жүрегіне жол табатын шағын ғана қуаныш оның көңіл күйін көтеріп, бойына үміт пен күш-қуат дарытып, сауығу жолында дем береді.

Осы игі іске атсалысқан демеушілерімізге, меценаттарымызға және жүрегі жомарт, бейжай қарамайтын жандарға шын жүректен алғыс білдіреміз. Сондай-ақ күн сайын балалардың саулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне ерекше ризашылығымызды жеткіземіз. Барлық бүлдіршіндерге тезірек сауығып, алдағы жаңа жылды шаттық пен үмітке толы көңіл күймен қарсы алуларын тілейміз.